14.07.2022
  119


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тап болсаң да фәнидің қорлығына...

Тап болсаң да фәнидің қорлығына,
Кез келсең де мықтының зорлығына,
Нәпақаңды күн сайын беріп тұрған
Шәк келтірме Алланың барлығына.
Кейбіреудің таң атса күні үрейлі,
Бишараны жаны ашып, кім елейді?!
Дінсіздердің сыйынған бұзауы да
Сиыр болып қазір де мөңірейді.
Кірген кезде пұт қойған храмдарға,
Ұмытпассың қоюды шыдамды алға.
Қатқан бейне жүгіңді жеңілдетпес,
Тастан ауыр бойыңда күнәң барда.
Құдай көрген пенделер пайғамбарды,
Бұл деректі, білмеймін, қайдан алды?
Босқа бөсіп, Аллаға серік қосып,
Қорасына жалғанның жай қамалды.
Тап болсаң да фәнидің қорлығына,
Кез келсең де мықтының зорлығына,
Нәпақаңды күн сайын беріп тұрған
Шәк келтірме Алланың барлығына.





Пікір жазу