14.07.2022
  110


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жамылғанда топырақ өлген кісі...

Жамылғанда топырақ өлген кісі,
Мақтасады жиналып көмген кісі,
Еске алады марқұмның ізгілігін,
Жақсылығын, әрине, көрген кісі.
Көнген адам өмірдің жарғысына,
Ие болар ел-жұрттың алғысына,
Қайтқан кісі жаман деп айтқан кісі
Ұшырайды туыстың қарғысына.
Жауыздың да жауласқан аталарым
Қайтқан кезде кешірген қаталарын,
«Жаны тыныш болсын деп жатқан жерде», –
Қолын жайып, жасаған баталарын.
Жақсы сөзге жан иіп, жылынамын,
Алла түбі тағады құлына мін.
Кешіре ме, білмеймін, кешірмей ме,
Қияметте болады сыры мәлім.





Пікір жазу