14.07.2022
158
Жарық болмас жұлдыздар айды мақтап...
Жарық болмас жұлдыздар айды мақтап,
Дәулет бітпес жүргенмен байды мақтап,
Өзендерді алмай ма өгейсітіп,
Тұрған кісі жыра мен сайды мақтап.
Келмей жатса орайға істің жөні,
Қоятұғын қазанға қайда қақпақ?
Тағасы жоқ ат болса қыстың күні
Мұз үстінде жүре алмас тайғанақтап.
Байқап-байқап сондықтан сөйлеген жөн
Сұлуларды дегенде айдан әппақ,
Болсын десең қонымды иленген тон,
Айту керек әр сөзді бойға шақтап.
Тілден шыққан сөйлемде болмаса сөл,
Айырмаң не хайуаннан жүрген оттап,
Таза жүрсең – ешқашан таба алмас жол,
Пәле-жала соңына ерген қаптап.