14.07.2022
  120


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өмір үшін, тірлік үшін таласта

Өмір үшін, тірлік үшін таласта
Дем алады өсімдік те, ағаш та.
Тамырынан жұлып алса жел келіп,
Қаңбақ шіркін кетпейді ме сенделіп.
Көкке бойлап биік өскен қарағай
Қалар кейде кәдеге де жарамай.
Ақ қайыңды күннің көзі аймалар,
Кей бұтағы сыпырғышқа айналар.
Жапырақтар шаң-тозаңнан аршылып,
Жайқалады кеткенінше жан шығып.
Ыстық келіп ұрынғанда салқынға,
Дем алады аласұрған толқын да.
Су аяғы айналғанда құрдымға,
Қабырғасы қайысады шыңның да.
Бірі етекте, бірі заңғар асқарда
Дем алады қатып жатқан тастар да.
Тастың беті десем неге тайғанақ,
Оны да күн жатады екен аймалап.
Денесінен ауыртпалық тастарда
Шомылады бұлттан тамған жастарға.
Тас мұжылса, ұсақ құмға айналар,
Соны көріп адам ұзақ ойланар…





Пікір жазу