Қателессем, Жаратушы кешірсін...
Қателессем, Жаратушы кешірсін,
Ел басына төнді талай тосын сын.
Жерін қорғап шейіт болды боздақтар,
Жауған оққа тұрған тосып төсін шын.
Сол соғыста бұғып, аман қалғандар
Батыр атын берсе екен деп армандар.
Шындық терең көмілгенде, бетіне
Қауыз болып шығады екен жалғандар.
Кеудесіне орден таққан ардагер
Емес пе екен арын сатқан саудагер?
Босқынды атып, батырсынып жүрген бар,
Теперішті көріп жатса ауған ел.
Опасыз деп елін сүйген батырды,
Қаншама арыс жала жауып, атылды.
Қанды қолдар келер ме екен тәубаға,
Жұтар сәтте алған демін ақырғы.
Көре алмаған жанашырын аңсаған,
Жетім-жесір қақын жеді қанша адам.
Кемшілігін бетіне айтсаң, жақтырмай,
Әлі күнге қазып жүр ғой ор саған.
Нағыз адам қарсы жүзер ағысқа,
Құрақ ұшпас дәрежелі танысқа,
Өрекпімес жүлде бер деп жарыста,
Кеуде кермес қатыстым деп соғысқа.
Сатқындықтың бетін ашар аз ақпар,
Айран-асыр осы жайға қазақтар.
Тірі жүріп кұрмет көрсе кәззаптар,
Күн туады түбі оларды азаптар.