14.07.2022
86
Мыжымай жүйке жеген жұлын-құртты...
Мыжымай жүйке жеген жұлын-құртты,
Кешіре алмай жүрмін зұлымдықты.
Қалпына ұзақ уақыт келе алмайды
Көңілім болып тұрған бұрын күпті.
Сабаға түспей алмас, сірә, тыным,
Демеймін шектен шыққан бұзақымын.
Сасыған ауыз болса, сол ауыздың
Мұрынды үстіндегі бұзатынмын.
Шындықтың ат байлайтын жоқ тұрағы,
Маған да есер жөнсіз соқтығады.
Көргенді көзіне айтып көргенсіздің,
Тиіскім көр-кеудеге кеп тұрады.
Білмеймін, кімге не деп айтарымды,
Жегулі тұрған атым қаңтарылды.
Байлатып босағаға қойсам ба екен
Мойнына шынжыр салып шайтанымды.