14.07.2022
  61


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Келген күннен кете алады қарғып кім...

Келген күннен кете алады қарғып кім,
Білген кісі шығары анық сенімнен.
Қызметі түрлі-түрлі тәуліктің,
Уақыты жылға бірдей бөлінген.
Келген жерің тұра алмайды бүктеулі,
Кеткен күнде кегің болса жасырма.
Жылдардың да қызметі шектеулі,
Тепе-тең қып бөліп қойған ғасырға.
Әр сағаттың тілі әртүрлі болса да,
Бірдей қылып көрсетеді уақытты.
Өтер айлар, өтер жылдар қаншама,
Мезгіл мәнін түсінгендер бақытты.
Қадіріне жетпей күннің сыйлаған,
Жүре алмайтын алтын, күміс, жақұтсыз,
Киім киіп, жеуді ғана ойлаған,
Уақытын босқа өткізген бақытсыз.





Пікір жазу