meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  14.07.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Көкейімде жүрген сауал көп, тегі...

Көкейімде жүрген сауал көп, тегі,
Әр жұмыстың кезеңі бар өтпелі.
Жылдың өзі он екі айға созылса,
Бар оның да жаз, күз, қыс пен көктемі.
Құр жауынмен біте қоймас іс дейді,
Күн көзінсіз шыққан егін піспейді.
Бидайдан ұн, ұннан қамыр шықпаса,
Нанның өзі ауызға кеп түспейді.
Түсінбейтін құпияның саны жоқ,
Білгенімнен білмейтінім әлі көп.
Жүн түтіліп, қаншама жіп иірілер,
Шыққанынша әп-әдемі шәлі боп.
Сөз шыға ма сөздің түбін қумаса,
Бұлақ бастан былғанады уласа,
Харам болып шығуы да оп-оңай,
Халал астың өзін дұрыс жумаса.
Пенделердің уайымы көп дейді,
Кейде қаржы, кейде уақыт жетпейді.
Тойымсыз көз, бітелмейтін құлқынды
Белгіленген мерзім ғана шектейді.





Пікір жазу