14.07.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Аздан көпті шығаратын кім дейсің...

Аздан көпті шығаратын кім дейсің,
Жан сырыңды ұға алатын кім дейсің,
Азғырғанға еріп кеткен адамның
Кінаратын жоя алатын кім дейсің?
Бар тізгінін ұстап тұрған ғаламның
Кім екенін білмейсің ғой, білмейсің...
О, ғажайып!
Жерде туған көкке ұшып,
Көкте ұшқандар жерге кірген өлгенде.
Биік таулар аласарса шөккесін,
Өнім шыққан түйір дәнді көмгенде.
Қатты қызса балқиды екен құрыш та,
Қатал қыста үсіп қалған көбелек,
Шыбын-шіркей, қыбырлаған құмырсқа
Күн жылынса, тіріледі – не керек?!
Келбетіне таң қалсам да, сеземін,
Кейде тіпті биік өскен қарағай
Өртте қалса, не құрт шалса өзегін,
Қалуы анық тіс шұқуға жарамай.
Табиғат та от пен суда шыныққан,
Өрттен кейін күл орнына гүл шығып,
Жұмыртқадан, уылдырық, ұрықтан
Жер бетіне тарап жатыр тіршілік.
Аздан көпті шығаратын кім дейсің,
Жан сырыңды ұға алатын кім дейсің,
Азғырғанға еріп кеткен адамның
Кінаратын жоя алатын кім дейсің?
Бар тізгінін ұстап тұрған ғаламның
Кім екенін білмейсің ғой, білмейсің..





Пікір жазу