14.07.2022
  96


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Әр мүліктің, әр заттың орны басқа...

Әр мүліктің, әр заттың орны басқа,
Қызмет қылар бірі түз, біреуі аста.
Белгіленген белгілі міндеті бар,
Серт еткендей адамға айнымасқа.
Тұрмаса да көп мүлік өсім тілеп,
Бола ала ма адамға тосын тірек?!
Шып-шып етіп самайдан тер шығады,
Кеткен кезде бөкебай бөсіңкіреп.
Өзгелерге менсінбей қараса да,
Майлық болу сулыққа жараса ма,
Су құятын қонаққа құманменен
Қол сүртетін орамал таласа ма?!
Жайлы болар қонаққа бөстек неге,
Су болмаған ескекті ескек деме.
Іліп қойған сән үшін, текке тұрған
Беті жылтыр бұйымды әспеттеме.
Кірген затқа үйіңнің есігінен,
Тозғанынша қарайсың кешіріммен.
Алтын-күміс ыдыстан пайда бар ма,
Өтпеген соң тамақтың тесігінен.
Есің болса жолама жаман затқа,
Кір-қоқысты үйіңе маңайлатпа,
Жаратқанның тек қана жарлығымен
Қызмет етер бұйымдар адамзатқа.





Пікір жазу