14.07.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүгінбесе қу түлкі айласына...

Жүгінбесе қу түлкі айласына,
Айналмай ма аңшының пайдасына.
Ұртын көрсең, жолама қабағанға,
Бара көрме арт жақтан тай қасына.
Көмегіңді аяма жаралыдан,
Нас адамның ас алма табағынан.
Саусағыңа кетпесін тікен кіріп,
Гүлді алам деп ұстама сабағынан.
Құлаш ұрма өткелсіз айдындарға,
Ыржақтама қатігез қайғың барда.
Ұқтырам деп сөз айтпа надандарға,
Қуамын деп тас атпа маймылдарға.
Елсіз жерге түнеме жайлы екен деп,
Берген асты көп жеме майлы екен деп.
Аңдып жүрген Ібіліс адамдарды
«Қуанышты, – айтпай ма, – қайғы етем!» – деп.
Аман жүрген болсаң да оттаң қайсың,
Не де болса, адамзат, сақтанғайсың.
Соның бәрін бір өзім білдім демей,
Алланы айтып, тек қана мақтанғайсың.





Пікір жазу