14.07.2022
  92


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жаратушы тарту қылған көрікті

Жаратушы тарту қылған көрікті
Әркім қалай түсінсе де ерікті.
Сұлу қыздың сымбатынан не пайда,
Баса алмаса бойындағы желікті.
Өмірінің сақтау үшін шаттығын,
Қара түннен қорғау керек ақ күнін.
Жас жігіттің қайратынан не пайда,
Баса алмаса бойындағы аптығын.
Іске аспаса – ақылыңнан не пайда,
Жаман болса – жақыныңнан не пайда,
Бұл өмірдің қызығынан шет қалсаң –
Ғұмыр-жіптің ақырынан не пайда?!
Абайла, дос!
Алды-артыңды абайла,
Өмір сүру түспейді әсте оңайға.
Жақсылыққа жақсы қызмет етпесе,
Жамандықты өңмеңінен теппесе,
Жер басқаннан не пайда бар?
Соны ойла!





Пікір жазу