Арып-ашып жүдеген ел тілегі...
Арып-ашып жүдеген ел тілегі,
Әділетті қалпына келтіреді.
Сол асудан асарда зымияндар,
Талай жанды жазықсыз өлтіреді.
Асқынғаннан ұлғайған дерт бораны,
Қорғансызды тағы да мерт қылады.
Жағаласқан жалғандық ақиқатты
Аяғынан шалсам-ау деп тұрады.
Шайтан менен бейкүнә періштенің,
Көрген жоқпын табысып, келіскенін.
Итжығыс боп жататын бұл өмірде,
Туар ма екен жететін жеңіске күн?!
Өтіріктің шылбыры қылғындырып,
Жасап жатыр біреулер қырғын бүлік.
Абыл – Қабыл дәуірі басталғалы,
Жердің бетін кетті екен кім бүлдіріп?
Біреу түсіп жауыздың пышағына,
Шыдай алмай біреулер құса-мұңға,
Бармақ шайнап жақсылар кетіп жатыр,
Қара жердің тойымсыз құшағына.
Екі дүния қызығын көрсем дейтін,
Ақ тілекпен тек қана өлсем дейтін,
Жаны жайсаң адамның ниеті пәк,
Бір өмір бар...
Бірақ, көп ел сенбейтін.