14.07.2022
  91


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ата-бабам жаралғаннан мұсылман...

Ата-бабам жаралғаннан мұсылман,
Бақыт құсын қолдарынан ұшырған.
Дұға жасап, бет сипаймын әлбетте,
Өткен кезде мазарлардың тұсынан.
Амал жоқтан өткен күнге кінә арттық,
Таусылмайтын уәдені ұзарттық.
Кім біледі, қашан, қайда, қай жерде
Сол сенімді қалай, қайтіп жоғалттық?!
Адамзаттың атасы деп маймылды,
Босқа өткізген Алла берген ай, күнді,
Ақ-қараны ажырата алмаған
Әлі күнге әспеттейміз Дарвинді.
Құдай жоқ деп тәрік қылған сенімді,
Құдайсызға қарық қылған елімді,
Қолын созған ескерткішін пұт қылып,
Әлі күнге дәріптейміз Ленинді.
Албасты мен Ібіліске құрметті
Көрсеткендер елді де әбден індетті.
Мінін айтпай, қалай ғана жүреміз
Қырын қарап, қап-қара қып бір бетті.
Құдайсыздар жайлап алған жер-көкті,
Қашан болсын елге теңдік бермепті.
Қалай жуып тазартамын, білмеймін,
Ұн жақса да ағармайтын сол бетті.





Пікір жазу