14.07.2022
92
Үлкендердің кейбірі дал қып көпті...
Үлкендердің кейбірі дал қып көпті,
Дәстүрімді «күні өткен қалдық» – депті.
Жас кезінде үлкенсіп жүретіндер
Жасы келмей қартайып алжып кетті.
Шалдың көбі сөзінде пәтуа жоқ,
Шыға кепті құдайшыл, тақуа боп.
Сахна бар – ойлайтын адамы жоқ,
Адамы бар – ойнайтын сахна жоқ.
Молданы да мақтаса ысылған деп,
Момынмын деп айтуға қысылған көп.
Мұсылман бар – кіретін мешіті жоқ,
Мешіті бар – кіретін мұсылман жоқ.
Қыңыр шалдан не пайда жата берер,
Бұл сөзімді шауқандар қата көрер.
Етті жейтін ауыздар көбейсе де,
Аз қалыпты ақсақал бата берер.