14.07.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Биік таулар, жасыл баулар, қызыл гүл...

Биік таулар, жасыл баулар, қызыл гүл,
Ащы тұз бен тәтті суы жүзімнің,
Шыбын-шіркей мекен қылған көк шалғын,
Құлағыңа естілуі ызыңның –
Бір Алланың белгісі!
Шалқар көлдер жалтыраған айнадай,
Күнге бойлап тіп-тік өскен қарағай,
Аспандағы жалтылдаған найзағай,
Жайдың оты жерге түскен найзадай –
Бір Алланың белгісі!
Ара ұясы, құмырсқаның илеуі,
Өрмекшінің өз жемтігін сүйреуі,
Мемлекеттің жермен-жексен күйреуі,
Әрбір ұлттың өз тілінде сөйлеуі –
Бір Алланың белгісі!
Ұшқан ұшақ, жүзген кеме, ескен жел,
Жер бетімен бір тоқтамай көшкен ел,
Кейде адамның болатыны көрсоқыр,
Кейде адамның болатыны таскерең –
Бір Алланың белгісі!





Пікір жазу