14.07.2022
  83


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өлген жердің құлпырғанын көргенбіз...

Өлген жердің құлпырғанын көргенбіз,
Семген жерде гүл тұрғанын көргенбіз,
Батқан кеме ішіндегі бейбақтар
Жағалауға ұмтылғанын көргенбіз.
Бұлтты қалай аудырғанын көргенбіз,
Қалай жауын жаудырғанын көргенбіз,
Сап-сау жанның аяқ асты дертті боп,
Дел-сал болып ауырғанын көргенбіз.
Жапырақтың сарғайғанын көргенбіз,
Адамдардың қартайғанын көргенбіз,
Қамбаларды толтырғанын көргенбіз,
Несібенің ортайғанын көргенбіз.
Тағы-тағы көрдік десек, кім сенер,
Жасалған іс маңызымен өлшенер.
Соның бәрін бақылаушы бар десем,
Ақылға сал – түсінігің болса егер.





Пікір жазу