14.07.2022
  74


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тамырларын жайласа да мың қайғы...

Тамырларын жайласа да мың қайғы,
Жас шыбықтар майысса да, сынбайды.
Күні бітіп, қурап қалған ағаштың
Өсиетін кімдер барып тыңдайды?!
Жауын жауса жас өскінді суарар,
Қатқан мұзды көз жасындай қуалар.
Жылдың барлық мезгілінде адамдар
Тірлік үшін ойлап табар бір амал.
Жайнап тұрған жапырақты көргенде,
Күрсінеді шемені бар шерменде.
Қайта көктеп шығарына сенеді ел,
Қара жерге ұрықтарын көмгенде.
Қырға біреу көшет ексе апарып,
Жатыр біреу бәйтеректі қопарып.
Әрқайсысы өзімдікі жөн дейді,
Менде де бар, сенде де бар қаталық.
Әр пенденің кезі келер бақ сынар,
Сәті түссе, қанат жаяр жақсылар.
Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар,
Құдай берсе, тақыр жерге шөп шығар.





Пікір жазу