14.07.2022
  279


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қазанда бүлк-бүлк етіп тамақ қайнап...

Қазанда бүлк-бүлк етіп тамақ қайнап,
Балалар құлын-тайдай күліп-ойнап,
Дәм татып берекелі дастарханнан,
Атасы бата берсе жүзі жайнап,
Отырсаң ойың шалқып, бойың балқып,
Фәниде қызық бар ма бұдан артық?!
Торғайлар ұшып-қонып тал басында,
Ағын су толқып жатса арнасында,
Құдайдың бергеніне шүкір қылып,
Жымиып жарың тұрса дәл қасыңда,
Отырсаң ойың шалқып, бойың балқып,
Фәниде қызық бар ма бұдан артық?!
Сақталып бабамыздың мол мұрасы,
Қазақтың күмбірлесе домбырасы,
Жарық қып қараңғыны шұғыласы,
Алланың ауса саған ықыласы,
Отырсаң ойың шалқып, бойың балқып,
Фәниде қызық бар ма бұдан артық?!





Пікір жазу