14.07.2022
  108


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бір төбеден асып түссең, бір төбе...

Бір төбеден асып түссең, бір төбе,
Бәрін басып, таптап өту мәртебе.
Бізден бұрын бабалар да осылай
Ұзақ жолдан өткен шығар ертеде.
Ұшақ мінсең, құзар шыңнан үш аттап,
Ақша бұлтты алғандайсың құшақтап.
Жерге қайтып оралған соң, алайда,
Соның бәрі секілденер түс әппақ.
Мақсат айқын, үміт үлкен, арман көп,
Өмірге де тұр ғой солар қорған боп.
Топыраққа өзім еккен жас шыбық,
Өссе деймін жайнап тұрған орман боп.
Жерді басып жүргеннен соң жалғанда,
Қол созамыз көкке, биік арманға.
«Таудан биік жұлдыз» – дейді адамдар,
Бірақ, оған барып жеткен жан бар ма?
Кезек көріп күрсініс пен күлкіні,
Тазыдай боп қуып жүрген түлкіні,
Жетем деумен, жетсем деген желеумен,
Өмірмен де қоштасармыз бір күні.





Пікір жазу