14.07.2022
  133


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ақымаққа ұқсас десең ақынды...

Ақымаққа ұқсас десең ақынды,
Ақымақтар боп шықпай ма ақылды.
Бірақ, сырттан тұрсаң жиі бақылап,
Ақылдылар болар кейде ақымақ.
Ессіздік пен көріпкелдің арасы
Бар болғаны бір-ақ қадам, шамасы.
Ұқсас болса балалық пен даналық,
Кім қоғамға әкеледі жаңалық?
Күйіп-жанып сүйген адам ғашығын,
Ғұмыр сүре алмайды ғой жасырын.
Тартқан жүгі кете алмаса жеңілдеп,
Құл сұлтаннан биік болып көрінбек.
Жүрегіне түскен майдан ауырлап,
Тұрған кісі отырмай ма дамылдап?!
Жердің бетін кезіп жүрсе бір сұмдық,
Қылғындырып сол шындықты жүр сұмдық.
Жүректе кір болмайды ғой десек те,
Өкпе оны да қосады екен өсекке.
Ақылды мен ақымақты тербеткен
Сол жалғанды көріп жүріп ер жеткем.
Егде тартып қалса-дағы жасымыз,
Әлі біздің піспей жатыр басымыз.
Көрген қызық, тартқан бейнет әлі аз ба,
Жан сырымды ақтарамын қағазға.
Ертең біреу атап менің атымды,
Деуі мүмкін: «бұл не деген ақылды.»
Енді біреу екі көзі шатынап,
Сол ақынды санары анық ақымақ.
Таңдап алған қайта алмаймын жолымнан,
Қаламымды тастамаймын қолымнан.
Сол қаламда жүрегімнің қаны бар,
Ақ қағазда өмірімнің мәні бар.
Жаным күйіп жазған барлық өлеңім
Ақиқаттың ақ сөзі деп сенемін.





Пікір жазу