14.07.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Сағат қанша тықылдасын тілі ұзын...

Сағат қанша тықылдасын тілі ұзын,
Тоқтата алмас минуттардың жүзуін,
Тыным таппай сөйлесе де күнұзын,
Байқай қоймас секундтардың қызуын.
Әр минуттың алпыс секунд қызығын,
Әр сағаттың алпыс минут шыжығын,
Айдан айға жалғап мерзім үзігін,
Он екі деп анықтаған тізімін.
Ай мен тәулік айналымы бетінде
Жолы жатыр уақыттың ізінің,
Ұмытсаң да жүз сағаттың жұмысын,
Ұмытпайсың бір минуттың қылығын.
Бірі естіртсе әсем әнін бұлбұлдың,
Еске салар бірі шыбын ызыңын,
Біреулерге шуағы көп көктемнің,
Ызғары бар ерімеген мұзының.
Тәтті дәмін татса біреу балының,
Кермек дәмін сезбей қалмас тұзының,
Жүрген сағат ағып жатқан бұлақтай,
Жауып қояр болмайды оны тығының.
Шырт ұйқыдан оянғанда таң атпай,
Ризамын, қалдырса да жұғынын.
Көре-көре шынығарсың болаттай,
Берік болып тұрсын десең тұғырың.
Атқан оқтай зулап кеткен мезгілге
Алаң болған пенделердің бірімін,
Ұғынарсың мәнін жақсы кездің де
Салған күні уақыттың құрығын.
Мөлдір судың қанып ішкен тұнығын,
Ыстық күннің кім қайтарар жылуын.
Келер күннің кім береді қарызын,
Кеткен күннің кім төлейді шығынын?
Келешекке артып тұрса ел сенім,
Міні қалың, сыры мәлім, қыры мың,
Әр сағаттың белгілеген мөлшерін
Мен де, жаным, Жаратқанның құлымын!





Пікір жазу