14.07.2022
  97


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тірлікті түйткілі көп ұғынғалы...

Тірлікті түйткілі көп ұғынғалы,
Бұлақтай жылжымалы,
Сынаптай сырғымалы,
Уақыт ағып жатыр құбылмалы...
Заманның құбылғаны ештеңе етпес,
Адамның қиын екен құбылғаны.
Дүния бір қалыпта тұрмайды екен,
Ұршықтай дөңгеленіп зырлайды екен.
Дұшпанның кемсіткені кем қылмайды,
Достардың сырт бергені қинайды екен.
Таппасаң бірге жүрген үйірден мін,
Сезбейсің сүйінген кім, күйінген кім?!
Кетесің бірте-бірте ұсатылып,
Тасына түскен дәндей диірменнің.
Риза болса болды елім бұған,
Жұбантар аш қарынды желінген нан.
Өмірдің бұлжымайтын заңы осындай,
Қайтадан көктеп шығар егілген дән.





Пікір жазу