14.07.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Гүлзар бақты айналдыру тақырға...

Гүлзар бақты айналдыру тақырға,
Алтын тақты айналдыру қоқымға,
Бәйтеректі айналдыру отынға,
Алыс жолды айналдыру жақынға,
Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Қару сайлап, қайрат беру батырға,
Қанат байлап, шабыт беру ақынға,
Адасқанды алып келу ақылға,
Жанарының нұрын беру соқырға,
Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Көк пен жердің кілтін берсе қолыңа,
Гүл өсірсе жайнап тұрған бағыңа,
Ағыл-тегіл нұрын төксе жолыңа,
Елжіретер шуақ құйса жаныңа,
Бұл өмірдің шыжығы мен қызығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Жолықтырса құлай сүйген жарыңа,
Несібесін беріп жатса тағы да,
Өріс кеңіп, мал қосылса малыңа,
Төмендетсе тигендерді шамыңа,
Бұл өмірдің шыжығы мен қызығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.





Пікір жазу