14.07.2022
  111


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Есік тесіп кез келген қабырғадан...

Есік тесіп кез келген қабырғадан,
Жол салады баратын қабірге адам.
Өмір сүру Бақиға қақпа екенін
Түсінбейді тек қана тобыр надан.
Ашып тастап тұрғындар терезесін,
Толтырады ауаға кең өңешін.
Сол ауамен бірге енген шыбын-шіркей
Алады екен аямай сенен өшін.
Үйде отырып сырт жаққа алаңдайсың,
Бірақ, сырттан жұбаныш таба алмайсың,
Төрт қабырға ішінде жата берсең,
Төрт бұрышына дүнияның бара алмайсың.
Көрем дейсің, барлығын білем дейсің,
Білу үшін бәрінен үнемдейсің.
Үзілмесе үмітің келешектен,
Ат тізгінін еркіне жібермейсің.
Біреу оқтан, қаза боп біреу оттан,
Атады екен талықсып ғаламат таң.
Өгейсітпес, байқасаң, өмір осы,
Сабыр менен құралған қанағаттан.





Пікір жазу