14.07.2022
136
Қысастық, аштық, қастық – тете заман
Қысастық, аштық, қастық – тете заман
Қазаққа болған екен өте жаман.
Сабыр мен қанағаты барлар ғана
Тағдырдың тауқіметін көтере алған.
«Шыққыр көз бәрін неге көре қалған»
Деген сөз ел аузында неге қалған?
Қарақшы көрге кіріп құтылмаған,
Артынан қаңқу сөздер ере барған.
Жұрты үшін жанын қиса талай құрбан,
Жақсының жақсылығы көп айтылған.
Қиын ғой ел аузына қақпақ қою,
Жайсаңды жайсыз деген қай антұрған?
Ақырдан әркім орнын тапқан шығар,
Өсек те жамбасына батқан шығар.
Дұғасы шын ниеттен оқылғандар
Молада аунап түсіп жатқан шығар.
Қабірдің болсын жарық іші деймін,
Жаманды тұрсын басып мысы деймін.
Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ,
Тірісінің жаманнан аманы жоқ,
Неге олай?
Соны ғана түсінбеймін...