14.07.2022
  87


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жерде жатқан шегені алған кісі ерінбей...

Жерде жатқан шегені алған кісі ерінбей,
Алған затын қалтаға салатыны белгілі,
Нағыз жомарт – қол ұшын берген кісі көрінбей,
Берген кісі қарызын алатыны белгілі.
Егін еккен диқанның оратыны белгілі,
Тәтті көрген сәбидің соратыны белгілі,
Кәрлі қыста жалаңаш тонатыны белгілі,
Сынық қанат көбелек қонатыны белгілі.
Аты дардай болғанмен, сәулесі алыс бармаса,
Өлімсіреп жанған шам сөнетіні белгілі.
Айналдырып ауру, дертке шипа болмаса,
Қалт-құлт етіп жүрген шал өлетіні белгілі.
Көрешегін көрген жан көретіні белгілі,
Қиянатқа бармаса – сенетіні белгілі,
Қайғырғанға қара аспан төнетіні белгілі,
Қияметтің баршаға келетіні белгілі.
Періште мен шайтанның орындары белгілі,
Әрқайсысын әрқалай қабылдары белгілі.
Жүзін беріп құбылаға сәжде қылған Аллаға,
Адам-дағы бір күні дамылдары белгілі.
Орның сенің қай жерде,
Қайда ақырғы тұрағың,
Дайын тұр ма ол жақта мінетұғын пырағың?
Өкінгенмен ендігі барар жерің белгілі,
Алға басып бір қадам, кері кетсең бір адым.





Пікір жазу