14.07.2022
  130


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ата-бабам ұстанған жол мирас болып қалмап па еді...

Ата-бабам ұстанған жол мирас болып қалмап па еді,
Төрт түліктің ет пен сүті маған тамақ болмап па еді,
Қой-ешкіден алынған жүн киім-кешек, сырмақ па еді,
Сойған малдың сүйегі де шашқа тарақ болмап па еді?!
Жемтік көрсе жесем деген жорғалаған бүйі емес пе,
Шыбын тор деп есептеген өрмекшінің үйі емес пе,
Дүниеқоңыз жинаған мал домаланған қи емес пе,
Ара ерінбей жинаған бал – Алла берген сый емес пе?!
Бар пайдасын көріп жүріп қанатты мен тұяқтының,
Бұл жалғанның құрдымына батып кеткен сияқтымын.
Соның бәрін беріп тұрған және бәрін көріп тұрған
Тәңіріме алғыс айтпай, Алла алдында ұяттымын.





Пікір жазу