14.07.2022
  97


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Етпеттеп жатсам көкірегім жерді сүйеді...

Етпеттеп жатсам көкірегім жерді сүйеді,
Шалқалап жатсам жауырыным жерге тиеді,
Табаным сенен тиянақ тауып тұрған соң,
Сүйеушім өзің, жер-анам, құтты, киелі.
Хош иісті гүл де, дән-дағы сенен өнеді,
Мейірімің жанған оттан да ыстық, себебі.
Бұлағы қайнап, шалғыны қаулап жатса жер
Жаратқан ғана бәріне қорек береді.
Ұйтқыған желге таулары болса қорғаны,
Аңдарға пана емес пе қалың орманы.
Аллаға деген құрметтің шексіз белгісі,
Еңкейіп жерге адамның тәжім қылғаны.
Уақыт, шіркін, атылған оқтай зырлауда,
Оралар жерге, салса да басын кім дауға.
Бұйырсын десең ұрпақтан саған топырақ,
Қадірлі жерді болмайды, бірақ, былғауға.





Пікір жазу