14.07.2022
135
Базардағы сатушының өтпей қойған гүліндей...
Базардағы сатушының өтпей қойған гүліндей,
Өрт шарпыған асыл заттың кетпей қойған күліндей,
Отыз күндік оразаның жетпей қалған күніндей,
Көңілімнің олқы тұсы
бір басыма жетеді.
Кәдеге аспай, алып қойған шеті тесік тиындай,
Ескі жұртта қалып қойған бағасы жоқ бұйымдай,
Олжа, жора, үлес, кәде – біреуі де бұйырмай,
Кейде тіпті ағыл-тегіл
жылағым кеп кетеді.
Қиын көштей ауыр жолда жүгі кеткен ауытқып,
Жиған-терген бойға сіңбей, мақсатыңды қамыт қып,
Пәле-жала, кесір-қырсық, уайымды қауіп қып,
Бәрін тізіп айта бермей,
тоқтай салсам, не етеді?!