14.07.2022
99
Алла мені жаратса, мен өлеңді жараттым...
Алла мені жаратса, мен өлеңді жараттым,
Алла берген өнермен елді аузыма қараттым
Ал кей кезде қынынан суырылмаған қылыштай
Еркін ойды кеудеме тұншықтырып қамаппын.
Қызыл тілім буынсыз жүрегімнен жоғары,
Мидан төмен тұрғанын ескерсек те болады.
Қуат алып білімнен, бал ағыздым тілімнен
Жақсыларға тисін деп асыл сөздің сауабы.
Қайрат берді жылы сөз мінгізгендей пыраққа,
Қанат берді ұлы сөз кіргізгендей жұмаққа.
Қамыққанды жылатты, жылағанды жұбатты,
У да тамды сол сөзден ашынғанда, бірақ-та.
Күннің көзі түскендей жер бетіне қараңғы,
Зәмзәм суын ішкендей нұр жайлады санамды.
Арқасында тілімнің айыратын болдым мен
Таза менен ласты, адал менен арамды...