14.07.2022
  93


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Алланың сыны пенденің мінін көрсетіп...

Алланың сыны пенденің мінін көрсетіп,
Шындықтың құнын өтірікпен өлшетіп,
«Арымнан – жаным садаға!» – деген адамды
Келеке қылып, қылығын қойды ерсі етіп.
Дастархан басын билеп те төстеп арамдық,
Олардан аттап келер ме қонар маған құт?!
Мезгілін күтіп жатқанда бітіп дәурені,
Күбіде быршып кеткендей ашып адалдық.
Ақиқат жолын жүргенде күнде арман қып,
Жалғанды жалпақ алыпты жайлап жалғандық.
Көзіміз ашық тұрса да жөнді таба алмай,
Қалтылдап басып, соқырдай сорлы қармандық.
Сабалған жүндей өсектен туған өтірік
Сабынды судай кір жуған жатыр көпіріп.
Ішкенін ішіп, артығын құсып жатса да,
Тәубаға келіп, адам аз жүрген өкініп.
Қиын да қатал болса да күндер кез, мейлі,
Күйректер ғана тауқімет көрсе, төзбейді.
Тар жерде, бірақ, адамдық атын ұмытқан
Тамұққа түсер тамызық барын сезбейді.





Пікір жазу