14.07.2022
  94


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Неше түрлі қулық-сұмдық кездессе де елде...

Неше түрлі қулық-сұмдық
кездессе де елде,
Алаяқтар өмір бойы
тұта алмайды перде,
Итермесе тас етектен
шыға алмайды өрге,
Шашылса да тесік моншақ
қалмайды екен жерде.
Аққу-қаздар сұңқылдайды
шалқып жатқан көлде,
Тай-құлындар ойнақтайды
жайнап тұрған белде,
Орны мейлі қайда болсын,
босаға ма, төр ме? –
Әмірімен Жаратқанның
кіруі анық көрге.
Өмір деген нұрын төккен
секілді ғой көрме,
Құлпырса да жалт-жұлт еткен
жылтыраққа сенбе,
Тағдырынның шылауында
шыдамды бол, пенде,
Әзәзілдің алдауына,
арбауына көнбе!





Пікір жазу