14.07.2022
  157


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тереземнен көрінеді ай қадалған мұнарасы мешіттің...

Тереземнен көрінеді ай қадалған мұнарасы мешіттің,
Төр бос болса, қажеті не жалтыраған есіктің?!
Қыс та бітті, жаз да жетті, бітпей жатыр жөндеуі,
Таң атарда азан үнгін келіп еді есіткім.
Не тілі жоқ, не діні жоқ адамдарға дүбәра
«Мына мені көрдіңдер ме?»– деп тұрғандай мұнара.
Бір Аллаға жалбарынып, шипа іздейді жанына,
Қарақшы да, қасапшы да, батқандар да күнәға.
Бісімілланы айтса бала белі шықпай бесіктен,
Еткен еңбек қайтса ғана қалар едім өсіп мен.
Жеті қат көк мұнараға тиіп тұрған секілді,
Бірақ, басқа ғимараттар биік боп тұр мешіттен.
Білімсіздер биіктікті кейде қолдан жасайды,
Кеуделері арам ойдан қалай ғана босайды?!
Мешіттегі ай шалқайып тұр...
Көктегі айым еңкейіп...
Шүкір, шүкір!
Аман-есен көргеніме осы айды.





Пікір жазу