14.07.2022
  74


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Сөзге ілінген жақсыны ит айтақтап қосатын...

Сөзге ілінген жақсыны ит айтақтап қосатын,
Таяқ тастам жерден де атын бұрып, қашатын,
Бастықтарға бас шұлғып, апалақтап, сасатын,
Асып-тасқан көңілді су сепкендей басатын,
Арамдардың түр-түсін танисың ба, жас ақын?!
Жадап-жүдеп келгенде адал дәмін тосатын,
Барлық жиған-тергенін бір-ақ күнде шашатын,
Аңқылдаған пейілі Алатаудан асатын,
Мөлдіреген мейірі тау суындай тасатын,
Адалдардың күлкісін танисың ба, жас ақын?!
Адам ата, Хауа ана кіндігінен таралдық,
Барлық асты жаратқан адал және харам қып.
Қанша күнің батады, итжығыс боп жатады
Адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық,
Тура сөйлеп, таза жүр, қонсын десең саған құт.
Қап-қара бұлт торлаған бұлтын сырып күдіктің,
Бірақ, тағы атады көкжиектен күліп күн.
Қанша соққы тигенмен желкесінен жігіттің,
Жіңішкерген жіптері үзілмейді үміттің,
Өтіп өмір сынағын, шар болаттай шыныққын!





Пікір жазу