Бұл жалғанда сары уайым сағыздайын созылған...
Бұл жалғанда сары уайым сағыздайын созылған,
Қателесу, жаза басу пешенеме жазылған.
Қате болып шықса болды дұшпан айтқан жорамал,
Білсем болды бар екенін алдымда ор қазылған.
Фәни осы – тағы өткінші, бақ – елес,
Тірі адамға пендешілік жат емес.
Кедір-бұдыр жолдың бары қате емес,
Ордан өтер көпір бары қате емес.
Мотор қойсам, шайтанарба
мазамды алды дырылдап,
Қателестім екі аяқты бір адам деп қабылдап.
Ергежейлі көре алмаса бойымды,
Алыптар да түсінбеді ойымды,
Түсінбестік өсе берді қи секілді қалыңдап.
Қанша жайнап тұрғанымен жыр гүлі,
Кемпірқосақ быт-шыт болып бір күні,
Жерге ұрылып, барлық бояу бұзылған.
Көз қаритын қызыл гүлдің түсі қандай әдемі,
Бірақ, сондай қорқынышты қызыл қан.
Заттың бәрін көзбен көріп, бағалама бояумен,
Оңып кетер бояуларды босқа мақтау орынсыз.
Қарап тұрсаң – жасыл жапырақ қаншалықты сүйкімді,
Жасыл бақа соншалықты жағымсыз.
Көз көргенді қолмен ұстап, біліміңді көрсетпе,
Өлшемі жоқ қараңғы мен жарықтың.
Көздің нұры таусылатын мезетте
Бірге сөнген секілденер аспандағы жарық күн.
Түсінбестік шырмап жатыр ұлан-байтақ ғаламды,
Біздерсіз де кештер батып, таң атқан.
Жарық әлем шын мәнінде қара түнек – қараңғы,
Сол түнектен аман-есен алып шығар Жаратқан.