Біреу ән сап, бар дауыспен жатса-дағы мөңіреп кім...
Біреу ән сап, бар дауыспен жатса-дағы мөңіреп кім,
Қатты батты маған сонда селт етпеуі төңіректің.
Бәйгелерде тұлпар қалып, есек озып жатқан шақта
Жұмекен мен Кеңшіліктің жырын жоқтап еңіреппін.
Бұлбұл қашып тырналардың дауысынан қиқулаған,
Үй-үйіне кірді сасып тыңдаушылар күй тыңдаған,
Албастыны сұлу атап, сайтандарды періште қып,
Қандай заман адамдарды ертегідей сиқырлаған?!
Жел көтерген көбелектер отқа қарай ұшып-қонып,
Куәлары келешектің айдалада түсік болып,
Сатқан удың бағасымен кісі құны бірдей болып,
Жайма базар маңайына кетіпті өңшең «пысық» толып.
Кімдерге алтын, кімге бидай, кімге күміс, кімге көмір,
Жетім-жесір жасын сүрткен көре алмадым пендені бір,
Қайда барған, қайда қонған, әлде жолдан адасқан ба,
Тәңір қолдап келе қалған болса біздің елге Қыдыр.
Өткен өмір – кеткен ғұмыр, мына жалған көрген түстей,
Қайраның жоқ келісе алмай тұрса-дағы зердең іштей,
Бұл тауқімет таусылар ма, азабына жан шыдар ма,
Елмен бірге удан ішпей, сосын барып көрге түспей…