14.07.2022
  83


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қарайсың ба, досым-ау, құйқылжыған көңілге...

Қарайсың ба, досым-ау, құйқылжыған көңілге,
Жолаушымыз осынау ұлан-байтақ өмірде.
Жалғыз Алла арқылы тану керек тірлікті,
Жан кірген соң кеудеме болсам керек бір мықты.
Жан пернесін дәл басқан қасиетті Құраным,
От басында жалғасқан айтып жүрген жыр-әнім.
Егер жатқа білмесең әрбір аят, сүресін,
Өзгелерден күнде сен төменшіктеп жүресің.
Пайғамбардың хадисін күнде оқысаң жалықпай,
Өсиеті санаңа құйылады жарықтай.
Жайнамазым – кең дала, бас иемін мен оған,
Сонда келіп жаңарам, кеуде керіп дем алам.
Ойлағаным – өз қамың, дала, сенің тілеуің,
Бойтұмарым – кеудемде тулап соққан жүрегім.





Пікір жазу