Қонақжайлық ежелден-ақ келе жатқан дос амалы...
Қонақжайлық ежелден-ақ келе жатқан дос амалы,
Қандай ғажап қазағымның киіз үйді жасағаны,
Дөңгеленіп келген үйдің төрі бірдей бар қонаққа,
Біреу төрді қаласа да, жаратпайтын босағаны.
Қызметі емес, жасы үлкенге бас тартатын дәстүрімді
Көріп жүрген дос сүйсінсе, ыза болған қас бүлінді.
Жағымпаздық белең алып, қасиет кеміп жатқан тұста
Ренжітіп алдым білем ойда жоқта бастығымды.
Аузы қисық болғанымен байдың ұлы мылжыңдаған,
Мезгіл жетпей солғанымен қыз-қырқындар қылмыңдаған,
Сүйек салса кеміретін, құйрықтары бұлғаңдаған,
Заман келді ел білетін өсекшілер ыржаңдаған.
Жо-жоқ, досым !
Түңілмегін, өткінші ғой мұның бәрі,
Жаза баспа, шектен аспа,
жұртқа шашпа сырыңды әлі.
Жалған дүния бәрі бекер, көрген түстей өтер-кетер
Түзу жолдың бұрылғаны, пенделердің құбылғаны.