Толғамдар
Алла біреу.
Пайғамбар хақ.
Оның айтқан сүннетін
Бұл өмірде орындап бақ,
Мұсылмандық міндетің.
* * *
Құраның қолда бар,
Алланың атынан
Өткенің жөн болар
Жүз он төрт сатыдан.
* * *
Тілегің қалаған
Әр басқан қадамнан.
Жақсылық – Алладан,
Жамандық – адамнан.
* * *
От салса шайтан араға,
Су сеппей оған бола ма?
Дәрет ал таза суменен,
Пәлелі жерге жолама!
* * *
Естуші, тыңдаушы, көруші,
Білуші, алушы, беруші,
Барлығы Алланың арқасы,
Адамның болса егер жеңісі.
* * *
Отанды сүю – иманнан,
Тәніңе иман құйған қан.
Иманың қалса таусылып,
Пайда жоқ терген-жиғаннан.
* * *
Қалса инеге жіп ілікпей,
Күдеріңді үздің бе?!
Түлен түртіп, атың үріксе,
Ие болғын тізгінге!
* * *
Қақ айырылып қара жер,
Аспан түбі тесілер,
Адамға тек сана бер,
Алла бәрін кешірер...
* * *
Амандасып, қол берсең –
Көрген көзге сүйініш.
Шөлдегенге су берсең,
Бәрінен де кейін іш.
* * *
Шаң-тозаңы күмәннің
Бетін баспас шыдамның.
Созылса да түн ұзақ,
Шықпай қоймас шығар күн.
* * *
Босағаны ұстап тұрса көсігім,
Сықырлайды майланбаған есігім.
Ия, Алла!
Сол есіктен енетін
Таусылмасын несібім.
* * *
Базарда қалдырған ақшаң түк емес,
Мешітте қалдырған ақшаң көп емес.
* * *
Біреулерге туған күн – біреулерге жаназа,
Қайсы бірін айтайын, аузым менің ораза.
* * *
Азайса адал пиғыл, халал тамақ,
Көбейіп кетеді онда арамтамақ.
* * *
Алланың қарсы шықсаң есебіне,
Жалғанның ұшырайсың кеселіне.
* * *
Алланың құлы – періште,
Алланың құлы – пенделер,
Алланың құлы – пайғамбар,
Аллаға кім бер тең келер?!
* * *
Жаратушы аңды, адамды,
Қаратушы бұл ғаламды,
Таратушы сор мен бақты,
Ажыратып қараны, ақты,
Талқан қылар тәж бен тақты.
* * *
Төбеге көтеріп сан ұлтты,
Қазаққа кигізіп қамытты,
Көрсетсе қорлықты халыққа,
Жатса да жұп-жұмсақ мамықта,
Түбінде жанады тамұқта.
Ендеше, қамықпа!
* * *
Жікшіл болма, көпшіл бол,
Кекшіл болма, текті бол.
Ебедейсіз сүрінсе,
Сүйеп қалар епті қол.
Сонда сенің болады
Төрт құбылаң түп-түгел.
* * *
Жол көрсетсе адалдық,
Жүрек – сенім қоймасы.
Сол қоймаға арамдық
Сияр ма екен, ойлашы...
* * *
Жаратқан, ия, Алла!
Фәниде қор қылма,
Бақида зар қылма,
Келемін түбі мен
Өзіннің алдыңа.
* * *
Біліп жасадым,
Білмей жасадым...
Бірде қатайдым,
Бірде босадым.
Раббым!
Ғафу ет!
Тек қана өзіңнен
Жақсылық тосамын.
* * *
Фәни – сынақ,
Тым шолақ,
Келген қонақ
Көбі олақ.
Байқап қара сондықтан
Алды-артыңды шамалап.
* * *
Қылсаң ағат,
Тартсаң азап,
Ең бастысы –
Болсын тағат.
* * *
Неге тайраңдап жүрмейсің,
Неге жайраңдап күлмейсің?
Өткен күндерің – көрген түс,
Өмір сүрдің бе?
Білмейсің...
* * *
Талай адам тыныс тапты жерімде,
Ау, ағайын, бұл ғажапқа қарашы,
Құдайсыздар көп болса да елімде,
Көрдіңдер ме атеистің моласын?!
* * *
Газеттердің жазғанына сенесің,
Ал Құранға неге сенбей келесің?!
Роман емес, оқып шыққан Құранды
Адам ғана парасатты, шыдамды.
* * *
Өмір деген иірімі мол бір ағын,
Толып жатыр шешілмеген сұрағы.
Сол сұрақтың табам десең жауабын,
Ақиқатқа жақындайсың бір адым.
* * *
Адам менен Нұх пайғамбар арасы
Он ғасырдай шамасы.
Содан бері адасқанын қойды ма
Адамзаттың баласы?!
* * *
Жамандар жақсы алдында жақ ашпайды,
Шын сөзге дәті жетіп таласпайды.
Адалға ант ішудің керегі жоқ.
Арамға Алла деген жараспайды.
* * *
Бұл жалған бір күн сайран, бір күн ойран,
Ішкізер бір күн шалап, бір күн айран,
Қылышы Әзірейілдің төніп тұрған
Білмейсің келетінін қалай, қайдан?
* * *
Ат мініп, ит жүгіртіп, жар құшқан да,
Фәниде иттей болып тартысқан да,
Тірлікте тәубасына келу керек,
Тәнінде қалмауы үшін қарғыс таңба.
* * *
Қызыққандар жұмақтың қызығына,
Тап болады тозақтың шыжығына.
Жалған тонын жамылып жүрген кісі
Шыдамайды шындықтың қызуына.
* * *
Отқа тастар қорғасындай балқытып,
Тозақты айтып отыр деме қорқытып.
Ескертудің ерсілігі жоқ, бірақ,
Жүргендерге тек өздерін зор тұтып.
* * *
Осы күні заман басқа, жыр басқа,
Фәни-дәурен баста мәңгі тұрмас та.
Момынмын деп мақтануға бола ма,
Мүмінмін деп айтқан болса бір басқа.
* * *
Қазақстан болғанымен ұраның,
Қабірстан – сенің соңғы тұрағың.
Бақида да өмір барын ұмытпа,
Бұл фәнидің өткергенде сынағын.
* * *
Тілегі пайғамбардың үмбетіне
Жатады патшалардың міндетіне.
Бақиға киіп тәжін бара алмайды,
Жарлығын жүргізсе де жер бетінде.
* * *
«Асығыстық – шайтан ісі» дегенге
Адамдардың көбі қазір сене ме?
Күйгелектік, ызақорлық, кекшілдік
Шайтан ісі болмағанда, немене?!
* * *
Көлеңкесі патша дейсің Алланың,
Көтер дейсің Құдай басқа салғанын.
Ол көлеңке сескенбесе Құдайдан,
Сезбей қалар басы қайда қалғанын.
* * *
Шықпаса тау түгілі жай белеске,
Бос ғұмыр жалғанда өткен қайғы емес пе,
Хакімдер мұны жақсы түсінетін
Адамға көздері ашық «қой!» – демес пе?!
* * *
Тіршілікте болғанымен өр-кеуде,
Наласы көп ақын да бір шерменде.
Өзге жұрттан айырмасы, жұрт оқып,
Ырза болса, дұға қылар өлгенде.
* * *
Бісімілла деп бастасам сөз басын,
Қайғы-шерім көңілімді қозғасын.
Мұз боп қатқан қасіретім ерісін,
Ішкі кірді жуып-шайсын көз жасым.
* * *
Адаммын. Пері емеспін, жын емеспін,
Хаққа құлмын! Патшаға құл емеспін.
Ашып ешкім аузымды қарамайды
Не бар деп ар жағында қыл өңештің.
* * *
Көркемдік пен кемелділік Хаққа тән,
Шеберлік пен сабырлылық Хаққа тән.
Соның бәрін сыйласа да пендеге,
Көп адамда сол қасиет жоққа тән.
* * *
Жалғыз жүрсең – Жаратқанды есіңе ал,
Жарлы көрсең – Пайғамбарды есіңе ал.
Үлкен көрсең – ізетті бол, сәлем бер,
Қонақ келсе – қошеметтеп тосып ал.
* * *
Таратқан тіршілікті жер бетіне,
Құдайдың халық куә құдіретіне.
Қызарып күн шыққанда көкжиектен,
Алладан саулығыңды күнде тіле.
* * *
Біреуді даттасаң да, мақтасаң да,
Шындықты айт, дос көңілін таппасаң да.
Аллаға тура сөздің жағары хақ,
Адамға естіп тұрған жақпасаң да.
* * *
Жалғанда өтеген жан бес парызын,
Қалмады деуі мүмкін еш қарызым.
Абайла, алды-артыңа бірдей қара,
Түп-түзу емес барлық басқан ізің.
* * *
Көріп тұр ғой бір Алла қиянатын,
Көрген кісі ісінен ұялатын.
Қалай қабыл қылады біліп тұрып
Иманы жоқ адамның ғибадатын?!
* * *
Бір жерде сел боп жатса, суы кеппей,
Бір жерде өрт боп жатыр, суы жетпей.
Алланың кереметін көре тұра,
Талайдың жүр осыған көзі жетпей.
* * *
Біреу жатса дертті болып, қан құсып,
Біреу жатыр күліп-ойнап, жар құшып.
Бұл жалғанның ұмытпа деп бал күнін,
Шөп бетінде жалтырайды таңғы шық.
* * *
Таудың беті, жолдың шеті толған тас,
Жинап алып, шайтанға атсаң, таусылмас.
Жер бетінде көбейіпті шайтандар,
Ей, сабырлы пенделерім, байқаңдар!
* * *
Фәнидегі тірлігің ұнамай ма, ұнай ма,
Болса қиын күн бүгін Алла тағы сынай ма?
Айқайлаған дауысың айдалаға кеткенде,
Сыбырлаған дауысың жетеді екен Құдайға.
* * *
Қолайлы қызмет қызғанбай асар белес қой,
Ауыздан кейде айқын боп шықпас көмескі ой.
Ойлары тайыз ұшпаққа шықтым дегеннің,
Бастағы бағың Алланың тағы емес қой.
* * *
Өзі берген өмірін Алла өзі алады,
Жұмақ пенен тозақтың біріне әкеп салады.
Бұл фәниде тірлікті өткізе алсаң бағалы,
Көне тарих бетінде жақсы есімің қалады.
* * *
Тақ болғаны – жалғызға жақ болғаны,
Жұп болғаны – бірге артар жүк болғаны.
Тақ болса да немесе жұп болса да,
Көрінбейтін арада жіп болғаны.
Жаратушы ғаламды жалғыз Алла
Тақ пен жұптың болады нық қорғаны.
* * *
Балықты айдап ауға,
Аңды қуған орға,
Құсты ұстаған торда
Адам!
Басып жүріп шөпті,
Жұлып жеген көкті
Пиғылың қандай
Жаман?!
* * *
Ағып жатқан бұлақ еді.
Суалды.
Жайнап тұрған құрақ еді.
Қуарды.
Көктеп шыққан егін еді.
Су алды.
Келешегі болды ақыры
Күмәнді.
Әрбір пенде көкірегі шерменде
Бұл фәниде осылайша сыналды.
* * *
Қайратым тас уатып,
Тірлік дәмін татып,
Құм-сағаттай сусып
Өтіп жатыр уақыт.
Жұлдыздарды көріп,
Аймен бірге жатып,
Күнмен бірге тұрып,
Ояну да – бақыт.
* * *
Адам көркі – ақиқат,
Өмір көркі – қанағат,
Діннің көркі – шариғат,
Имам көркі – салауат,
Мешіт көркі – жамағат,
Жердің көркі – адамзат.
* * *
Жаратушым!
Саған ғана табынамын,
Саған ғана бағынамын,
Бірақ, зорға табынғандар,
Тіпті, қорға жағынғандар
Қаптап кетті.
Не қыламын?!
* * *
Жүрген жері – өр болса да,
Отырған жер – төр болса да,
Тұрған орны – жер емес пе,
Барар орны – көр емес пе?!
* * *
Құмар болса ерегеске,
Бейім болса төбелеске,
Бостан босқа ерегеспе,
Шайтан тұр ғой қыл өңеште.
* * *
Жүрегіңді жылытсаң
Берем десе, кеш көрмес.
Алланы сен ұмытсаң,
Ол да сені ескермес.
* * *
Қаның мен жаның,
Намыс пен арың,
Бағың мен сорың –
Наным мен таным.
* * *
Әр пенденің күткені
Тағдыр десе нанбайсың.
Өміріңді, өйткені,
Қысқарта да алмайсың,
Ұзарта да алмайсың.
* * *
Барлығын естиді,
Барлығын көреді.
Қаласа – алады,
Қаласа – береді,
Теңдесі жоқ оның – себебі.