14.07.2022
  105


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ИбраҺим пайғамбар ұрпақтары

Шарлап жүріп қиырды,
Көрген талай қиынды
ИбраҺим пайғамбар
Бір Аллаға сыйынды.
Несібесі үйілді,
Сараны алып сүйінді.
Көгертем деп үйіңді,
Ажар да оған бұйырды.
Алла берген нәресте
Түрткіледі бүйірді.
Ажар туған Ысмайыл,
Сара туған Ысқақпен
Қол ұстасып жүгірді.
Аш күзендей бүгілді,
Жақсылыққа ортақ боп,
Жамандыққа күйінді.
Аралары бір жаста,
Тату болған о баста.
Әкесі бір болғанмен,
Шешелері шын басқа.
Бір бірімен екеуі
Дауласпаған құр босқа,
Жүзге жасап қайырым,
Ие болған мың досқа,
Жақсы аттары жайылып,
Сөзі жүрген құрдасқа.
Жебірей мен арабтың
Тегін солай тараттым.
Бірі өскенде желкілдеп,
Екіншісі серпілмек,
Қос бұтағы дарақтың,
Бірін бірі үркітпей,
Шаңқылдаған бүркіттей
Арқасында қанаттың,
Жылжып жылдар өткенде,
Бұл ғасырға жеткенде,
Шалқар мұхит – арабтар,
Шағын өзен – жебірей,
Жайы мәлім санақтың.
Енді бірге туғандар,
Ата жолын қуғандар
Арасында өсек сөз
Айыр тілдей жылмаңдар.
Шайтан кірген жел тұрып,
Бірін бірі өлтіріп,
Қас қылуға оқталып,
Жүрген болса ентігіп,
Отыра алмай тоқтам қып,
Жатқандар бар мертігіп,
Кек алғанын мақтан қып,
Отырған бар желпініп,
Зардап шеккен көп халық
Көшіп жатыр жөңкіліп.
Бірінде бар от-қару,
Бірінде түк жоқ қару.
Не десек те енді олар
Болып кеткен жатбауыр.
Қаламайды екі жақ
Араздықтың тоқтауын.
Ойлары да тоқырап,
Қоя алмайды тосқауыл.
Тоғысқан бір арнада,
Мекке, Құддыс, Шамда да
Әрқайсысы басқа ауыл,
Бірін бірі ұқпайды
Өсіп жатқан жас қауым.
Өтірік те, өсек те,
Шайтан ісі десек те,
Жебірей мен арабтар
Мінгендер бір есекке,
Бірге ішіліп тамақ та,
Жайғасқан бір төсекке,
Бура менен атандай,
Бәйбіше мен тоқалдай,
Бірі біріне кінә артып,
Айта берсе бос өкпе,
Жүк артылған түйеге
Тимей қалмас кесек те.
Олар көрген сұмдықтар,
Ашылатын шындықтар,
Бәрібір, бар есепте.





Пікір жазу