14.07.2022
96
Ең абзал
Беттің көркі – көз болса,
Дене көркі – қол дер ем.
Жақсы достар кез болса,
Қуанғаннан қол берем.
Түзу жүрер әр кісі,
Гүлдеп тұрса махаббат,
Ырзалықтың белгісі –
Бас бармақ пен шапалақ.
Біреу бармақ шошайтса,
Не кезесе саусағын,
«Неге өйтті?» – деп дос айтса,
Өкпелейсің қанша күн.
Қоғамда да бұзылған
Бола қалса тығырық,
Алақанға жұмылған
Жауап қатар жұдырық.
Танытса кім пейілін,
Болған іске сай ұғым,
Созған қолда – мейірім,
Берген қолда – қайырым.
Төгілмей ме бар күнә
Тату болса саусақтар,
Еңбекқор қол алдына
Жығылады мансаптар.
Ұрыс қаупі басылған,
Атқан сайын жаңа таң,
Алақанға ашылған
Созылмай ма алақан?!
Бәрінің ең абзалы –
Хаққа мойын бұрғаның.
Бірге қосып қолдарын,
Тілек тілеп тұрғаның.