Алланың еш теңі жоқ
(терме үлгісімен)
Қурап қалған егіннің
Сабағы бар, дәні жоқ,
Көп суарған ағаштың
Жемісінің дәмі жоқ,
Көп сөйлеген мылжыңның
Сөздерінің мәні жоқ,
Сырқат жанның әлі жоқ,
Кәрі адамның халі жоқ,
Өлген жанның демі жоқ,
Көктің ешбір шегі жоқ,
Дерт жайлаған малдың да
Қорасы бар, төлі жоқ,
Ет шайнаған шалдың да
Беделі бар, белі жоқ,
Жігіт көңілі зор болса,
Қалтасында дымы жоқ,
Бір перзентке зар болса,
Арттан ерген ұлы жоқ,
Қоянжүрек жасықтың
Ашып айтар сыры жоқ,
Тұзы жеңіл пысықтың
Жұмысқа еш қыры жоқ,
Дәстүріне сай елдің
Ағайынға зілі жоқ,
Отқа келген әйелдің
Шоғы бар да, күлі жоқ,
Кейбір сараң үйлердің
Қонақ күтер төрі жоқ,
Кейбір жалған билердің
Шындықты айтар түрі жоқ,
Атаққұмар басшының
Жалшысы бар, елі жоқ,
Ақыл-ойға тапшының
Көкірегінде шері жоқ,
Суда жүзген балықтың
Аузы бар да, үні жоқ,
Көнбіс болған халықтың
Құлағы бар, тілі жоқ,
Илеуінде нарықтың
Бірі бар да, бірі жоқ,
Қанша дәурен сүрсе де,
Өлмей қалған тірі жоқ.
Тар жалғанды кең қылған,
Кең дүнияны тар қылған,
Шөлді шалқар көл қылған,
Жоқ нәрсені бар қылған
Алланың еш теңі жоқ!