14.07.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қанатты періштелер

Қоршап жүрсе қанатты періштелер,
Бәлкім, жүрген жолымыз тегістелер.
Тірлік болса, ұшпаққа жетсем деген
Кісі бар ма қанатты теріс көрер?!
Кім қашады Алланың бұйрығынан,
Дәметеміз ұсынар сыйлығынан.
Көгерген із болса егер нәрестеде,
Соққан дейді періште құйрығынан.
Періштені қиялмен мүсіндеген,
Мүсіншіні кісі көп түсінбеген.
Періштелер сәбиді сүрінгенде,
Қағып алып, жерге де түсірмеген.
Болып жатса бұл фәни күнде майдан,
Иықтағы періште шыға ма ойдан?!
Жын-шайтанды жолдас қып жүрген жоқ па
Періште емес, пенделер жолдан тайған.
Періштенің, әрине, қанаты көп,
Соғып тұрса мезгілдің сағаты дөп,
Қанат байлап қолтыққа ұшсам дейтін,
Адамдардың, алайда, тағаты жоқ.





Пікір жазу