14.07.2022
86
Тиын
Дүкенге жиі барсаң да,
Қылықты жаман істеме.
Қолыңа жиі алсаң да,
Ерінге тиын тістеме.
Болса да ойған мөрі көп,
Жұқпасын кірі бойға да,
Тиынның жүрмес жері жоқ,
Таза деп оны ойлама.
Қарамай түр мен түсіне,
Бұйымды алған тиынға,
Қымбатқа сатқан кісіге
Шайтан боп кету қиын ба?!
Қойғандар болса сөз беріп,
Тиынға болар керіс көп.
Бағасы кетпес өзгеріп,
Түссе де оң не теріс боп.
Жүргендер болар қимай да,
Тиыннан теңге құралар.
Жұмсай ма, әлде жинай ма?
Тиынмен адам сыналар.
Тиыны көпке жоқ қайғы,
Құлақ сал оның үніне.
Тиындар тыным таппайды,
Қалтаның жетпей түбіне.
Тиынның, бәлкім, арқасы,
Ырду мен дырду, той көпте,
Байғұстар тесік қалтасы,
Айтады қалай байға өкпе?
Кісіге кейде мал қайғы,
Қойсаң да тығып қорғанға,
Тиынға тыйым болмайды
Тойымсыз мынау жалғанда.