14.07.2022
  80


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жәшік

Тарапқа не бір бұрылған
Кетсе де жылдар қашық тым,
Бүгінге жеткен бұрыннан
Сыры көп жұмбақ жәшіктің.
Басыма қонған жыр-бағым
Қай жаққа, неге асықтың?
Жас күнгі балғын сырларым
Ішінде жатыр жәшіктің.
Алшыдан түссе асығым,
Алысқа қарап, елеңдеп,
Қараушы ем пошта жәшігін
Аңсатқан хабар келер деп.
Сайлауға бардым ентелеп,
Қарамай шығар есікке,
Қағазды қолмен желкелеп
Тоғыттым жабық жәшікке.
Сорым ба, әлде бағым ба?!
Үйрендім талай кәсіпке.
Айтар деп нені тағы да,
Қараймын тележәшікке.
Тұрса да асып өнерім,
Қарайлап жүріп батысқа,
Дымқыл мен сыздан көгеріп,
Толыпты жәшік қоқысқа.
Іздеген жоғың табылып,
Құлыптаулы болса, ашып көр.
Қайтеміз кетсе жарылып
Жарылғыш салған жәшіктер.
Өмірдің өзі қан майдан,
Кедеймін десең – көшіп көр.
Қағаздар солған, сарғайған,
Мұрағат толған жәшіктер.
Әкетер тәнді жәшікпен,
Көтеріп салып табытқа.
Шығарың анық есіктен,
Барар жер жұмақ, тамұқ па?!
Таң қалма кейбір адамға,
Жәшікті қойса шегелеп,
Өлген соң, бірақ, наданға
Жәшіктен басқа не керек?!





Пікір жазу