14.07.2022
  71


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қосу

Бұл амалды сақтар мәңгі ел есте,
Қосылғандар шыға алады белеске.
Бүтін болар екі жарты қосылса,
Жыртық қостың өзі қосу емес пе?!
Қосындылар қос арнадан бас алып,
Өмір жылда келе жатыр жасарып.
Тіршіліктің қос ішегі тәрізді
Қыпшақ бабам таңбалаған қос әліп.
Елді қосқан шығары анық сенімнен,
Қосу деген крест емес керілген.
Төрт құбыла түркілерге жол сілтеп,
Керейлердің таңбасындай өрілген.
Қосу – барлық ұл мен қыздың ерлігі,
Қосу – байтақ ұлыстардың теңдігі.
Төскейде төл, төсекте бас қосылса,
Ел ырысы көбейері белгілі.
Жарым жанға жарты қоссаң – ес кірер,
Қалай шебер ойлап тапқан естілер?!
Қауышқанда қауқылдасқан ағайын
Қош десе де қос дегендей естілер.
Қосу сөзін неге қазақ қош көрді,
Жолдас-жора жұбын жазбай дос болды.
«Қосылғанды қолдай көр, – деп, – Құдайым!» –
Тілек тілеп, тұрмын жайып қос қолды.





Пікір жазу