14.07.2022
  79


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Төрт амал

Ақиқаттың ауыр жүгін арқалар
Әлемдегі ең мықты амал – төрт амал.
Жүзеге аспай қалса өмірде төрт амал,
Жердің жүзін топан басып, өрт алар.
Алу, бөлу, қосу және көбейту –
Адамзатты алуан күйге бөлейтін.
Бірін алып, бірін бөліп, жамандап,
Кейбіреулер күн көреді амалдап.
Сол төрт амал жылатар не күлдірер,
Амалының артықтығын білдірер.
Бірақ, ылғи ала берсең, не қалар?
Телегей су болса-дағы, суалар.
Бөле берсең, іргең бір күн сөгілер,
Бөлінгенді талап алар бөрілер.
Қоса білсең, ырысың да қосылар,
Бағың тасып, дәулетіңді асырар.
Көбейткеннен кеңейеді өрісің,
Соның бәрін жаса туған ел үшін.
Төрт амалдың орындасаң барлығын,
Саған алғыс айтары анық алғы күн.
Екпініңді тоқтата алмас бар қамал,
Төрт аяғың тең болсын тек, төрт амал!





Пікір жазу