14.07.2022
  127


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Әке сөзі

Бізді де белге талай апарды өлең,
Әлде де көптен озбай, қатар келем,
Ойымнан еш кетпейді әке сөзі
Сөйлейтін мәтелменен, мақалменен:
«Ешқашан серік болма ұрлықпенен»,
«Тура жүр, қоңсы қонба сұмдықпенен»,
«Аулақ тұр өсек пенен өтіріктен»,
«Тұрмыс құр ынтымақпен, бірлікпенен».
«Сақина тілемесең сау басыңа,
Адамды доспын деген дауда сына».
«Бірге бол, адассаң да, үйіріңмен»,
«Қасқыр да қастық қылмас жолдасына».
«Кетпегін жетегінде көрінгеннің»,
«Жүздерге жүзі күйсін бөлінгеннің»,
«Күймейсің Отан үшін отқа түссең»,
«Өмірі ісі бітпес ерінгеннің».
Сарқырап таудан аққан бұлағымдай,
Асыл сөз таусылар ма, сірә, мұндай?!
Байқасам, әке сөзі сондағы айтқан
Естіген пайғамбардан ұранындай.





Пікір жазу