14.07.2022
  183


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Есіңе ал!

Жаратушы Алланы
Еске алмасаң – не шығар?!
Болсын десең қорғаның,
Қайта-қайта есіңе ал!
Тіршіліктің тамырын,
Денсаулықтың қадірін
Білген шақта есіңе ал!
Тектен текке серт бермей,
Қол-аяққа дерт бермей
Жүрген шақта есіңе ал!
Несібеңді күн сайын
Тапқан шақта есіңе ал!
Қас қарайып, түн сайын
Жатқан шақта есіңе ал!
Жердің бетін жауынмен
Толтырғанда есіңе ал!
Сұхбат құрып қауыммен
Отырғанда есіңе ал!
Жиылып кеп бар түнек,
Тас төбеден тауқімет
Ұрған шақта есіңе ал!
Бойға қуат, күш бітпей,
Айдалада іс бітпей
Тұрған шақта есіңе ал!
Жаратушы Алланы
Еске алмасаң – не шығар?!
Болсын десең қорғаның,
Қайта-қайта есіңе ал!





Пікір жазу